Әзірбайжан, Грузия, Қытай, Молдова, БАӘ, Украина, Иран, Польша, Ресей теміржол әкімшіліктерінің басшылары мен халықаралық көлік-логистикалық компанияларының жетекшілері Астанадағы «Нұрлы жол» жаңа вокзалын аралады. Оныншы Астана экономикалық форумы мен төртінші «New Silk Way» Халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумына қатысушылар вокзалдың холы, билет кассалары, анықтама бюроларының, сауда нүктелерінің қызметімен танысты.
Қонақтарға «Нұрлы жол» вокзал кешенінің құрылысы барысымен мүмкіндігі, жолаушылардың қауіпсіздігін қатамасыз ету шаралары, ғимаратқа енетін тұстардағы 16 тексеру қондырғылары, 500-ден астам бейнекамералар қамтамасыз ететіндігі айтылды.
«Әзірбайжан темір жолдары» ЖАҚ төрағасының орынбасары Игбал Гусейіновтің айтуынша, Қазақстанның елордасындағы «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалы соңғы үлгідегі заманауи кешендердің бірінен саналады. Мұнда жолаушылардың қауіпсіздігіне зор көңіл бөлінген. Вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына да қажетті жағдайлар жасалған. Вокзал қызметкерлері үш тілді меңгерген. Астананың жаңа вокзалы әлеуметтік және инновациялық құрамдарды бойына жинақтаған».
«Қазіргі Қазақстан экономикасында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Мәселен, түрлі инфрақұрылымдық жобалар жасалып, теміржол жаңғыртылуда. Соған сәйкес пойыздардың жылдамдығы артып, қызмет көрсету сапасы көтерілген. Мұнда ақпараттық технологиялар, жолаушылардың қауіпсіздігі, қызмет сапасын көтеруге көп көңіл бөлінген екен»,-дейді «Ресей темір жолдары» ААҚ бірінші вице-президенті Александр Мишарин.
Форум қатысушысы И. Аурелия жаңа вокзал туралы жүрекжарды лебізімен бөлісті. «Мен Астанада осыдан он жыл бұрын болғанмын. Ол кезде құрылыс өте қарқынды жүргізіліп жатқан. Қазір міне өз көзіме өзім сенер емеспін. Мұндай әсемдіктен көз алмай қарай бергің келеді».
Қытай делегациясының мүшесі Лю Даоцзюнь өзінің жаңа құрылыс нысанына таңқалысын жасырмады.
«Мен мұндай вокзалды бұрын көрген емеспін. Көргенімнің барлығын айтуға сөзім жетпейді»,- дейді ол.
Литвалық сарапшы Тонтгинас Санкаустнас «жаңа вокзал ерекше қызығушылығымды туғызды. ЭКСПО-ға келген қонақтарға вокзалды көріп тамашалауға кеңес берер едім. Ғажайып ғимарат. Ауқымды жұмыстардың атқарылғаны көрініп тұр. Енді халыққа қалтқысыз қызмет көрсете бастайтын болады».
Қонақтар вокзал кешенін аралап болған соң, жаңадан жасақталған «Тұлпар-Тальго» пойызының вагонымен қыдырыстады.