Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және «Dosjan temir joly» АҚ-ға жас мамандарды тарту жоспарына сәйкес М.Тынышпаев атындағы ALT Көлік колледжінің бітіруші курс студенттерімен жұмыс кездесуі өтті.
Компания атынан кездесуге «Dosjan temir joly» АҚ Басқарма Төрағасының Өндіріс жөніндегі орынбасары – Адильбаев Нурлан Серікжанұлы қатысты. Колледж тарапынан директор Жұмаділдин А.М., оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Аймағамбетова Б.А., оқу-өндірістік практика жөніндегі директордың орынбасары Ахметов Б.Ж., сондай-ақ «Тасымалдауды ұйымдастыру және құрылыс» бөлімінің меңгерушісі Амантай С.Е. қатысты.
Кездесу барысында салалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер компанияның қызметімен, жұмыс бағыттарымен, жас мамандарға қойылатын негізгі талаптармен, өндірістік практикадан өту мүмкіндіктерімен және әрі қарай жұмысқа орналасу перспективаларымен таныстырылды.
Әсіресе теміржол саласы үшін тәжірибеге бағытталған оқыту мен кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттер үлкен қызығушылық танытып, мансаптық мүмкіндіктер, еңбек жағдайлары мен компанияның корпоративтік мәдениеті туралы белсенді сұрақтар қойды.
Кездесу қорытындысы бойынша жас мамандарды даярлау, бейімдеу және тарту бағытында тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Dosjan temir joly» АҚ профильдік оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті жалғастыра отырып, «Жұмысшы мамандықтар – болашақтың тірегі» бастамасын қолдайды.
