Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар, жеке меншіктегі төрт түлігі бар адамдар аса қауіпті саналатын теміржол аумағына малын бетімен қоя беруі – қаншалықты экономикалық шығынға ұшыратып отырғаны айтпаса да түсінікті. «Малым – жанымның садағасы» деген жұртпыз. Ендеше, неліктен бағып отырған ақ адал малымызды пойыз басып кетіп, арам қатуына жол береміз?
Сонымен қатар мемлекеттің басты байлығы саналатын адамдар өз өмірлерін қиып, жылжымалы құрамның астына түсу оқиғалары да аз емес. Жолға шыққан мал мен жанның кесірінен машинистер биылғы 3 айда 10 рет жедел тежегіш қолданып, пойызды шұғыл тоқтатқан. Бұның ішінде 3 рет мал басу жағдайы орын алған.
Әрине, теміржолшылар қол қусырып қарап отырған жоқ. Қозғалыс қауіпсіздігі бұзылмау үшін рейдтер, тексерулер мен түрлі топтармен кездесулер өткізіп, теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бірақ нәтиже көңіл көншітпей тұр. ЖШС «DTJ Service» Шар-Жаңа Өскемен станциялары аралығына қызмет көрсетеді. Негізгі міндетіміз – пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдың бабын жасау. Десек те, қараусыз мал мен бөгде адамның жолға шығып, жылжымалы құрам қозғалысына кедергі келтіру оқиғасы артқалы жолшылардың да жұмысы көбейіп, функционалдық міндетіне кірмейтін жүктемені қоса атқарып отырған жайы бар.
ЖШС «DTJ Service» ұжымы қыркүйек айының басынан бері жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігі бұзылуына жол бермеген. Дегенмен, адамдардың және қараусыз малдың жолға шығуы салдарынан қауіпті жағдайлар, әсіресе, Шалабай, Бурсақ, Жарма аудандарының аумағында және Айыртау-Ұлан ауданы аймақтарында жиі орын алды.
Иесіз малдың және тұрғындардың теміржолға шығуына тосқауыл қою үшін қауіпті деген жол бойын қоршау аз да болса оң нәтижесін беріп келеді. Жыл сайын теміржол қоршауларына тікенекті сыммен күнделікті және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы 2 аудан әкімшіліктеріне хат жолданып, Шар, Шалабай, Әуезов, Айыртау, Ұлан тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Жарма әкімінің орынбасары С.Сатпеков, Шалабай ауылдық округінің әкімі Есенбаева Ж.С., «Жарма Вет» КМК басшысы М.М. Толеугалиев, DTJ Service ЖШС директордың өндіріс бойынша орынбасары Борбасов Д.Н., Шар қаласы әкімшілігінң бас маманы Қасымжанов М., Әуезов кентінің әкімі Саесенов Е.А. Өскемен - 1 станциясындағы желілік полиция бөлім бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Тоқтаров А.А., Өскемен – 1 станциясындағы желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бастығы, полиция майоры Хамзин Д.Е. ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жергілікті тұрғындарға ескерту парақшалары таратылды.
Теміржол – қауіпті де стратегиялық маңызы бар аймақ. Ол жерде бей-берекет жүруге, жолбойын жағалай мал жаюға болмайды. Сонымен қатар бала-шағаның бұзақылық жасап, пойыз терезесіне тас лақтырып немесе жол үстіне бөгде заттарды қойып кетуіне жол бермей, қауіптің алдын алу барлық саналы азаматтардың міндеті болуы керек.
Сондай-ақ, автокөлік жүргізушілер теміржол өткелінде ережелерді қатаң сақтаса, ешқандай апат болмайды. Міне, осы талаптар орындалмаса, ҚР Әкімшілік кодексінің 559-бабында көрсетілген тармақтар бойынша жауап беруге тура келетінін азаматтардың есіне тағы да салып қойған артық болмас.